World News

"Ресейге тыңшылық жасағандар" соты: Күдіктілерге Бергей Рысқалиевті аңдыған деген де айып тағылған

Лондонның орталық қылмыстық істер сотында "Ресейдің арнайы қызметінің тапсырысымен тыңшылық жасады" деп күдікке ілінген Болгарияның бір топ азаматының соты жалғасып жатыр. Прокурордың сөзінше, күдіктілер алты операция жүргізген. Арасында қазақстандық саясаткер Бергей Рысқалиевті қудалауға қатысты да айып бар. Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі жазды. 


Прокуратура пікірінше, күдіктілер Американың Германиядағы әскери базасы мен Ресей билігінің оппоненттерін, арасында зерттеуші журналистер Христо Грозев пен Роман Доброхотов та бар, аңдуға тырысқан. Грозев ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный мен бұрынғы барлаушы Алексей Скрипальдың   "Новичоктан" улануын және Ресей билігі айыпталған өзге де шулы істерді зерттеген. 


BBC-дің жазуынша, 28 қараша күнгі сотқа 33 жастағы Катрин Иванова,  30 жастағы Ваня Габерова және 39 жастағы Тихомир Иванчев келген. Олар өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған. 


Екі күдікті - 46 жастағы  Орлин Русев пен 43 жастағы  Бизер Джамбазов тыңшылықпен айналысқанын мойындаған. 


Мемлекеттік айыптаушылардың дерегінше, күдіктілер Ресей билігінің тапсырмасымен 2020 жылдың тамызы мен 2023 жылдың ақпаны аралығында бірнеше операция жүргізген. Олар "жау елге пайдалы болуы мүмкін" ақпарат жинаған, аңдыған. Ұлыбритания аумағында да, Еуропаның өзге елдерінде де жұмыс істеген деді прокурорлар сотта. 


Сотта күдіктілердің 2022 жылы қарашада The Insider басылымының бас редакторы Роман Доброхотовқа қарсы операция ұйымдастырғаны да айтылды. 


Прокурор айтқан алты эпизодтың екеуі Қазақстанға қатысты. Мемлекеттік айыптаушылардың дерегінше, 2021 жылы қарашада күдіктілер Қазақстаннан қашып, Ұлыбританиядан саяси баспана алған қазақстандық саясаткер Бергей Рысқалиевті де аңдыған. 


"Ресейде Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға айқын мотив бар және болған. Прокурорлардың сөзінше, Қазақстан мүддесіне сай саяси диссидентті қудалап, мұны Қазақстанға көмек ретінде ұсыну осы қарым-қатынасты дамытуға көмектеседі" деп жазды BBC.


Бұған қоса, тергеу мәліметінше, тағы бір операция Қазақстанның Лондондағы елшілігіне қарсы бағытталған. 2022 жылы қыркүйекте олар "жалған наразылық акциясын" ұйымдастыруға тырысып, оны "ұйымдастырғандар туралы" деректі Қазақстан билігіне бермек болған. "Бұл да Ресей-Қазақстан қатынасын нығайтуға бағыталған" деді прокурорлар. 


Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау қаласы мен Атырау облысының әкімі қызметін атқарған. 2012 жылы оның бауыры, мәжіліс депутаты Арманжан Рысқалимен бірге шетелге қашқаны белгілі болды. 


2013 жылы экс-әкімге "аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және және қылмыстық топ құрды" деген айып тағылды. Тергеу бес жылға жалғасты. 2019 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевті 17 жылға, оның ағасы Арманжан Рысқалиевті 16 жылға сырттай соттаған. Олардың құны миллиардтаған теңге тұратын дүние-мүлкін тәркілеген. Дегенмен 2020 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевтің отбасы мен жақындарынан тәркіленген мүліктің "бір бөлігін" қайтаратынын мәлімдеген. 

Читайте на 123ru.net