World News

Жиһаз да, ақша да жоқ: қазақстандықтар алаяқтардан қалай қорғанса болады?

Қазақстандықтар алдын ала төлем алып, ақшамен бірге жоқ болып кететін жалған жиһаз жасаушыларға жиі тап болады. Бүгінде бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ең көп таралған шағымдардың бірі. Бұл туралы тиісті комитет басшысы Болат Танабергенов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасынан қазақстандықтар көбіне қай салаларда алданатынын сұрадық. Танабергенов алаяқтыққа қатысты істерді полиция тергейтінін, бірақ комитетке де зардап шеккендерден шағым түсетінін айтты.

"Жалпы, пәтер жөндеу және жиһаз жасау бойынша шағымдар түседі. Жиһаз жасаушыларға қатысты айтарым, көпшілік таныстары арқылы жасайтыны жасырын емес, келісімшарт жасаспайды. Бұл заңды тұлға ма әлде жеке кәсіпкер ме, соған көз жеткізу керек. Барып, оны (цехы, кеңсесі бар-жоғын - ред. еск.) көру керек. Олар негізінен жалдамалы үй-жайларда отырады. Барып көрген дұрыс, міндетті түрде келісімшарт жасасу қажет. Мүмкін, ол қалаға бірнеше айға ғана тұруға келген шығар, соны да тексеріп алған жөн. Бізге негізінен: "міне, жиһазға тапсырыс бердік, алдын ала төлемін алды немесе жұмыстың бір бөлігін орындады: қаңқасын орнатты, бірақ аяқтаған жоқ" деп шағымданады", - дейді Болат Танабергенов.

Оның айтуынша, тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында келісімшарт болмаса, оны табу оңай емес. Ал келісімшарт болса, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тексеріс бастай алады.

"Егер келісімшарт болса, тексеріс ашып, нұсқама шығара аламыз, әкімшілік айыппұл саламыз және тағысын тағы. Мұндай жағдайда комитетке және аумақтық департаменттерге жүгінуге болады", - деді Танабергенов.

Егер алаяқтық дерегі анық болса, іспен полиция айналысады. Бірақ қызмет ақысының төленгенін растайтын дәлелдемелерді, мысалы, чекті көрсету маңызды.

Читайте на сайте