World News

Қар, боран, содан кейін күн жылиды: Қазақстан бойынша 6-8 қазанға арналған болжам

"Қазгидромет" мамандары 6, 7 және 8 қазанға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Болжамға сәйкес, алдағы күндері Қазақстанда жаңбыр, жылбысқы қар жауып, көктайғақ пен бұрқасын күтіледі. Сонымен қатар, кей өңірлерде күн жылынып, күндіз ауа температурасы +22 градусқа дейін көтеріледі.

Қар мен бұрқасын қай жерлерде күтіледі?

"Қазгидрометтің" мәліметінше, алдағы күндері атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады.

Жаңбыр жауады, ал елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр мен жылбысқы қар түріндегі жауын-шашын күтіледі. Кей жерлерде көктайғақ пен жаяу бұрқасын болады деп болжанады.

Республика бойынша жел күшейеді. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі.

Батыста күн +22 градусқа дейін жылынады

Бұл ретте бірқатар өңірде күн жылына түседі. Қазақстанның батысында түнде +2...+12 градусқа дейін күтілсе, күндіз ауа +17...+22 градусқа дейін жылынады.

Солтүстік-батыс пен солтүстікте түнде температура -1...-6-дан +3...+13 градусқа дейін, күндіз 0...+5-тен +5...+20 градусқа дейін ауытқиды.

Шығыста және орталықта түнде 0...+7 градус, күндіз +2...+15 градус болады деп күтіледі.

Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста да күн жылынады: түнде температура +5...+10 градусқа дейін, күндіз +17...+22 градусқа дейін көтеріледі. Таулы аймақтарда түнде 0...-3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін, ал күндіз температура +9...+14 градусты құрайды.

Қазақстанда қазан айы қандай болады?

Бұған дейін синоптиктер Қазақстандағы 2026 жылдың қазан айына арналған ауа райы болжамын нақтылаған болатын. Күздің екінші айы күрт суытумен, жаңбырмен және қармен басталады, алайда кейін елге жылымық оралады. Оңтүстікте кей кезеңдерде температура +30 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Толығырақ осы жерден оқыңыз.

Читайте на сайте