World News

Қазақстанда 2 миллион тонна мұнай өңдейтін жаңа МӨЗ салынбақ

Қазақстанда қуаттылығы жылына 2 миллион тонна болатын мұнай өңдеу зауыты салынуы мүмкін. Ішкі нарықты қамтамасыз ету және Орталық Азия елдеріне отын жеткізу мақсатында бұл жобаны Ақтөбе облысында іске асыру қарастырылып жатыр. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның сөзінше, жобаны іске асыру шамамен екі жылға жалғасады.

"Қазір жеткізуде іркілістер бар, ал Қазақстан ресурсқа бай ел ретінде көрші мемлекеттерді қамтамасыз ете алады", - деді Ақкенженов.

Сондай-ақ министр қолданыстағы үш МӨЗ-дің қуаттылығын 18 миллионнан 27,7 миллион тонна мұнай өндіруге дейін арттыру жоспарланып отырғанын айтты. Оның айтуынша, отын "Еуро-5" стандартына сәйкес келеді.
Сонымен қатар тағы бір ірі МӨЗ салынбақ. Қазір ол үшін алаң таңдалып жатыр. Ақкенженов түпкілікті шешім қашан қабылданатынын нақтыламады.
Жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейту - Қазақстанда мұнай өңдеу көлемін арттыру жоспарының бір бөлігі. Ақпанда Энергетика министрлігі жаңа МӨЗ-дің қуаттылығы бірінші кезеңде жылына 10 миллион тонна болуы мүмкін екенін хабарлаған болатын.
Тамызда Ерлан Ақкенженов жаңа зауыт салынуы мүмкін бірнеше өңірді атады, бірақ түпкілікті орын әлі таңдалмағанын айтты.

Читайте на сайте