The Huffington Post: «Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы басты серіктесі»
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал америкалық The Huffington Post басылымы АҚШ үшін Орталық Азияның көшбасшысы болып тұрған Қазақстанмен достықты нығайта берудің маңызы зор деген мәлімет таратып отыр. Мақала авторы посткеңестік елдердің ішінде тұңғыш рет өткізіліп жатқан EXPO-2017 халықаралық көрмесі туралы кеңінен сөз қозғаған. Басылымда аталған көрмеге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге азиялық және еуропалық державалардың басшылары, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди мен Испания королі Филипп VI қатысқаны туралы жазылады. 115 мемлекеттің өкілдері қатысқан көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллиондай адам келеді деп жоспарлануда.