World News in Kazakh

Астана әкімдігінің алдында ондаған адамды полиция ұстады

21 наурызда Астана әкімдігінің алдында қала атын өзгертуге қарсылық танытқан 20-ға жуық адамды полиция ұстап әкетті. Қарсылық шарасы кезінде Астана атауын өзгертуді қолдаушылар мен қарсылар арасында жанжал болды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады. 


21 наурыз таңертең Астанада қала тұрғыны Зәуре Сағидолдинаны полиция ұстаған. Сағидолдина қала әкімдігіне барып Астана атауын "Нұрсұлтан" деп өзгертуге "қарсылық танытпақ болған". Полиция тұрғынды ұстап жатқан сәтте қолындағы қаулыны оқып берді. Қаулыда Сағидолдинаны елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысты қылмыстық іске куәгер ретінде шақырған. Полиция нақты қай қылмыстық іс екенін айтпады.


20 наурызда парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына ант беріп, президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет астанасына елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Ол "облыс орталықтарындағы негізгі көшелерге Назарбаев атын беру керек" деді. Осы күні парламент Астана атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдаған. Тоқаев ұсынысын Астана қалалық мәслихаты да қолдаған.

Читайте на сайте