World News in Kazakh

Алматы тұрғыны фельдшерді тиісті деп айыптады: ол қарсы арыз жазды

Алматыда жедел жәрдем шақыртуына байланысты дау туындап, пациент фельдшер тиіскені туралы мәлімдеді. Қыз болған жайтты әлеуметтік желіде айтып берді. Кейін медицина қызметкерінің өзі ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау үшін құқық қорғау органдарына жүгінді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Пациент не деді?
Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде жазба жариялап, онда жедел жәрдем фельдшерін тексеру кезінде тиісті деп айыптады.
Жарияланым авторының айтуынша, оқиға 2026 жылдың 14 мамырына қараған түні болған. Қыз денсаулығы нашарлауына байланысты жедел жәрдем шақырған.

"Денемді тексеру сылтауымен фельдшер интимдік жерлерімді уқалай бастады. Мен полиция шақыру үшін телефонымды алғанда, ол оны тартып алып, мені пәтерде күшпен ұстап қалмақ болды", - деп жазды ол.

Қыздың сөзінше, оның айғайына көршілері жиналған.
"Бұл мені құтқарып қалды", - деді ол. Сондай-ақ алматылық қыз полицияға арыз жазғанын хабарлады.
Полиция не деп жауап берді?
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі жарияланымнан кейін Жетісу аудандық полиция басқармасы тексеріс бастағанын хабарлады.

"Тексеріс шаралары аясында оқиғаның барлық объективті мән-жайы анықталып, қатысы бар адамдардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі және уәждер расталған жағдайда заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады", - деді полиция өкілдері.

Ведомство өкілдері мұндай жағдайлар ерекше бақылауда болатынын, өйткені бұл азаматтардың құқықтары мен жеке қолсұғылмаушылығын қорғауға қатысты екенін атап өтті.
Жедел жәрдем станциясы не деді: фельдшердің нұсқасы
Ақпарат тарағаннан кейін аталған факт бойынша Алматы жедел медициналық жәрдем станциясы (ЖМЖС) ішкі қызметтік тергеу жүргізді.

"Тексеріс барысында медицина қызметкерінің орынсыз іс-әрекеттері туралы интернетте жарияланған мәліметтер расталмады", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Фельдшердің түсініктемесіне сәйкес, шақыртуға келгеннен кейін пациентке бекітілген хаттамалар бойынша алғашқы медициналық көмек көрсетілген. ЖМЖС баспасөз қызметінің мәліметінше, медицина қызметкері әйелге ауруханаға жатқызуды да ұсынған, бірақ ол бас тартқан.

"Жүрек патологиясы болу мүмкіндігін жоққа шығару үшін, пациенттің шағымдарын ескере отырып, фельдшер электрокардиография (ЭКГ) жүргізді. Тексерістен кейін актив (мәліметтер - ред. еск.) тіркелген жері бойынша емханаға берілді", - делінген хабарламада.

Баспасөз қызметі пациенттің мінез-құлқына байланысты медицина қызметкері оқиға орнына полиция қызметкерлерін шақырып, арыз жазғанын айтты.
Сондай-ақ фельдшер жедел жәрдем қызметінде алты жылдан астам уақыт жұмыс істейтіні және бұған дейін оның үстінен пациенттер тарапынан шағым түспегені атап өтілді.

"Фельдшер үйленген және кішкентай бала тәрбиелеп отыр", - деп толықтырды ведомство өкілдері.

Әлеуметтік желіде айыптау тарағаннан кейін фельдшер өз ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін құқық қорғау органдарына жүгінді.
Бұған дейін Атырауда полицейлер қоғамдық орында қыздарға тиіскен ер адамды ұстағаны туралы жазған болатынбыз. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Читайте на сайте