Қарағанды облысында 10 жастағы баланы тоқ соқты
Қарағанды облысының Долинка кентінде 10 жастағы баланы тоқ соқты. Салдарынан бүлдіршін жансақтау бөліміне түсті, - деп хабарлайды тілші.Tengrinews.kz.
Туыстарының айтуынша, бала ойын алаңының қасындағы жоғары вольтты электр желісінің темір бағанына шыққан. Сол жақта оны тоқ соққан.
Қайғылы жағдай Заводской көшесінде болған. Зардап шеккен баланың әпкесінің айтуынша, оның інісі Сергей кернеуі 6000 вольт болатын электр желісінің темір конструкциясына өрмелеп шыққан. Салдарынан баланы тоқ соғып, ол биіктен құлап кеткен.
Қазір бала ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Оның денесі қатты күйген және құлаған кезде ауыр жарақат алған.
"Біз дәрігерлерден жақсы хабар күтіп, оның сауығып кетуін тілеп отырмыз. Ең алдымен бұл бағанның балалар ойын алаңынан небәрі бірнеше метр жерде, еш кедергісіз қолжетімді жерде тұрғаны алаңдатады. Балалар ол жерде үнемі жүреді және бағанға өрмелей береді", - дейді баланың туысы.
Жәбірленушінің жақындарының сөзіне қарағанда, оқиғадан кейін бірнеше күн өтсе де, нысанда әлі күнге дейін қоршаулар мен ескерту белгілері қойылмаған. Сонымен қатар, баланың туыстары нақты ешкімді айыптамайтынын және ресми тексеру қорытындысын күтетінін атап өтті.
"Біз тек осы жағдайға назар аударуды және мұндай жағдай енді қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды сұраймыз. Бүгін менің інім жансақтау бөлімінде жатыр, ертең оның орнында кез келген басқа бала болуы мүмкін", - дейді туыстары.
Қарағанды облыстық полиция департаменті жарақат алу дерегі тіркелгенін хабарлады.
"Қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін анықтау үшін материалдар Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментіне жолданды", - деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қазір тексеру жүріп жатыр, оның нәтижесі бойынша болған оқиғаға құқықтық баға беріледі.