Қазақстанда ауа райы құбылмалы болады: кей өңірде нөсер жауса, кей жерде аптап сақталады
Алдағы екі күнде Қазақстанда ауа райы құбылмалы болады. Кей өңірде нөсер жауып, күн күркіреп, бұршақ түсіп, екпінді жел соғады, ал басқа аймақтарда 40 градусқа дейін аптап күтіледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Синоптиктер мәліметінше, 12 және 13 маусымда елдің солтүстігінде, батысында және орталығында ауа райы құбылмалы болады. Мұнда жаңбыр жауып, кей жерлерде нөсерге ұласады, күн күркіреп, бұршақ жаууы және дауылды жел тұруы ықтимал. Бірқатар өңірде желдің екпіні секундына 20 метрге, ал кей жерлерде 28 метрге дейін жетеді.
Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жауын-шашын күтіледі. Жекелеген аудандарда тұман түсіп, жолдарда көріну деңгейі нашарлауы мүмкін.
Сонымен қатар, елдің оңтүстігі, шығысы мен оңтүстік-шығысында аптап сақталады. Ең жоғары ауа температурасы Абай облысында болжанып отыр, мұнда 39 градусқа дейін ыстық болады. Жетісу облысында да 37–39 градусқа дейін ыстық болады деп күтіледі. Шығыс Қазақстан облысында термометр бағандары 37 градусқа дейін, ал Ұлытау облысында 35 градусқа дейін көтеріледі.
Алматы және Жетісу облыстарының кей жерінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, алайда айтарлықтай салқын болмайды. 13 маусымның өзінде-ақ мұнда ауа температурасы қайтадан 35 градусқа дейін көтеріледі.
Түркістан облысының кейбір аймақтарында жаңбыр жауып, күн күркірейді, бұл ретте күндізгі температура 30 градус ыстық болады. Қызылорда және Жамбыл облыстарында 37 градусқа дейінгі аптап сақталады.
Батыс өңірлерде - Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Маңғыстау облысында синоптиктер қатты жауын-шашын, бұршақ және дауыл болатынын ескертеді.
Елдің солтүстігінде - Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында найзағай, жаңбыр, бұршақ және күшті жел болжанады. Павлодар облысында желдің екпіні кей жерлерде секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Солтүстік және батыс өңірлердің тұрғындарына ықтимал дауыл мен бұршаққа байланысты сақ болу, ал елдің оңтүстігі мен шығысында аптаптан қорғану үшін күндізгі уақытта күн астында көп жүрмеу ұсынылады.