World News in Kazakh

ҰҚК Ресеймен шекарадағы жағдайға қатысты пікір білдірді

ҰҚК Шекара қызметі Павлодар облысындағы қазақ-ресей шекарасында жүк көліктерінің кептелісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
ҰҚК мәліметінше, "Қосақ" өткізу пунктіндегі жағдай жеміс-жидек пен көкөніс тасымалының маусымға байланысты артуынан туындаған.

"Күту уақытын қысқарту үшін өткізу пункті күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, қажет шаралар қабылданып, жергілікті әкімдікпен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.", - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, ҰҚК Павлодар облысында "Шарбақты" және "Үрлітөбе" халықаралық өткізу пункттері, ал Солтүстік Қазақстан облысында "Жаңа жол", "Қарақоға" және "Қызылжар" пункттері жұмыс істейтінін еске салды.

"Шекарадан өту үшін электрон кезек жүйесі де жұмыс істейді. Бұл жүйе жүргізушілерге белгілі бір күнге бос орын бар-жоғын алдын ала көруге, шекарадан өтетін уақыты мен орнын жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл өткізу пунктіндегі жүктемені азайтып, тасымалдаушыларға өз бағытын алдын ала нақты жоспарлауға көмектеседі", - деп түсіндірді Комитеттегілер.

ҰҚК мәліметінше, "Қосақ" өткізу пункті тәулігіне орта есеппен 200-220 жүк көлігін өткізе алады.

"Қазіргі жағдайды ескеріп, бағыттарыңызды алдын ала жоспарлауды және қажет болған жағдайда басқа өткізу пункттері арқылы жүруді сұраймыз", - деп хабарлады ҰҚК.

Мән-жай
Бұған дейін Павлодар облысындағы Қазақстан мен Ресей шекарасында жүк көліктерінің ұзын-сонар кептелісі пайда болғанын жазған едік. Кептелісте тез бұзылатын өнім тиеген жүзден аса көлік тұрып қалған. Жүк көлігі жүргізушілерінің айтуынша, "Қосақ" өткізу пунктіндегі кептеліс сегіз шақырымнан асып кеткен.

Читайте на сайте