World News in Kazakh

Николас Мадуро мен оның әйелі тағылған айыптарды алып тастауды сұрады

Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес шетел мемлекетінің басшысы және бірінші ханымы ретінде иммунитетке ие екенін алға тартып, судьядан өздеріне тағылған есірткі саудасы туралы айыптарды алып тастауды сұрады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Euronews басылымына сілтеме жасап.
Манхэттен федералды сотына берілген өтініштерде Мадуроның адвокаттары шетелдік көшбасшыға айып тағылмайтындықтан, судья заң бойынша айыптау қорытындысын қабылдамауға міндетті екенін алға тартты.

"Айып тағылған сәтте өз елімен қазіргі мемлекет басшысы деп танылған шетелдік лидерге қатысты бірде-бір америкалық сот бұған дейін қылмыстық істі қараған емес", - деп жазды заңгерлер.

Сәрсенбі күні берілген жеке өтініште Флорестің адвокаттары оның да мемлекеттік иммунитетке байланысты АҚШ-та қылмыстық қудалаудан қорғалғанын мәлімдеді.

"Бұл – Венесуэла егемендігінің элементі және бұдан тек Венесуэланың өзі ғана бас тарта алады", - деп көрсетті оның адвокаттары.

Мадуроның адвокаттары, тіпті оның мемлекет басшысы ретінде иммунитеті болмаған күннің өзінде, ресми өкілеттіктерін жүзеге асыруға байланысты иммунитеті бар екенін, сондықтан оған қатысты іс тоқтатылуы тиіс екенін айтты.
Сонымен қатар заңгерлер Мадуроның "өзіне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығаратынын" атап өтті.

"Егер бұл іс сотқа жетсе, бұл айыптардың жалған екені айқын болады", - деді олар.

Мадуро да, Флорес те алты жыл бұрын көптеген сыбайласқа қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша өздерінің кінәсіз екенін мәлімдеді. Егер алқабилер олардың Америка Құрама Штаттарына кокаин жеткізу мақсатындағы астыртын әрекетке қатысқанын дәлелдесе, олар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Федералды прокурорлар бұл уәждерге осы айдың соңында жауап береді деп күтіледі.
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Мадуроны ұстау операциясын "құқық қорғау органдарының шеберлікпен орындаған ісі" деп атады. Мадуроның өзі өзін соғыс тұтқынымын деп санайды, ал ұсталуын – адам ұрлау деп атайды.
Прокуратураның мәліметінше, Мадуро Венесуэланың құқық қорғау органдарымен сөз байласып, есірткі барондарына көмектесе отырып, АҚШ-қа мыңдаған тонна кокаин жөнелтуді ұйымдастырған.

Читайте на сайте