World News in Kazakh

Тыйым салынған үйді қалай сатып алуға болады? Нұсқаулық және тәуекелдер

Тәркіленген мүлікті сатып алу - тиімді мәміле ме, әлде проблемасы көп кейс пе?
Жылжымайтын мүлік бағасы тартымды болуы мүмкін, бірақ тек сатып алу-сату шартын рәсімдеу жеткілікті ме? Tengri Home ауыртпалығы бар нысандарды қалай сатып алуға болатынын және иеленгеннен кейін не нәрсеге дайын болу керек екенін айтып береді.
Қазақстанда тыйым салынған жылжымайтын мүлік қалай және қандай бағада сатылады?
Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы сайтында "Тыйым салынған мүлікті сатып алу" деген бөлім бар.
Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы сайтының скриншоты
Онда сот орындаушылары борышкерлердің несие берушілерімен есеп айырысу үшін сауда-саттыққа шығарған нысандар жарияланады. Мысалы, Жамбыл облысының Құлан ауылындағы үш бөлмелі пәтер 7,8 миллион теңгеге бағаланған. Аукцион 24 қыркүйекте өтеді. Қатысуға ниет білдіргендер 390 мың теңге көлемінде кепілдік жарна төлеуі тиіс. Сауда-саттықтағы әр қадам - жылжымайтын мүлік құнының үш пайызы.
  
Слайд қосу






Үш бөлмелі пәтер сауда-саттыққа шығарылған. Сурет etp.adilet.gov.kz сайтынан алынды
Хабарландыруға тіркелген сот шешіміне сүйенсек, меншік иесі несие қарыздарына байланысты мүлкінен айырылып жатыр. Және бір емес, бірнеше нысанынан. Оның екінші "үш бөлмелі" пәтері де сол ауылда 7,6 миллион теңгеге сатылып жатыр, кепілдік жарнасы - 380 мың теңге.
  
Слайд қосу






Үш бөлмелі пәтер сауда-саттыққа шығарылған. Сурет etp.adilet.gov.kz сайтынан алынды
Сонымен қатар, сауда-саттыққа осы борышкердің Тараздағы екі бөлмелі пәтері де қойылды. Бастапқы құны - 13,5 миллион теңге.
  
Слайд қосу






Екі бөлмелі пәтер сауда-саттыққа шығарылған. Сурет etp.adilet.gov.kz сайтынан алынды
Алматыда ауданы 31,8 шаршы метр болатын қамыс-каркасты бір бөлмелі үй 5,92 сотық жер телімімен 46,7 миллион теңгеге сатылып жатыр. Бағаны көтеру әдісімен өтетін сауда-саттық 24 қыркүйекке жоспарланған. Кепілдік жарна мөлшері - 2,3 миллион теңге.
Алматыдағы үй сауда-саттыққа шығарылған. Бағалаушының есебінен алынған сурет, дереккөз: etp.adilet.gov.kz
Шымкентте ауданы 168,9 шаршы метр болатын, 8 сотық жерде орналасқан үй 44,7 миллион теңгеге сатылымға шығарылған.
Шымкенттегі үй сауда-саттыққа шығарылған. Сурет etp.adilet.gov.kz сайтынан алынды
Аукционға қатысу үшін кепілдік жарна әдетте мүліктің бағалау құнының бес пайызын құрайды. Егер сауда-саттыққа қатысушы активті сатып алмаса, кепілдік жарнасы қайтарылады.
Тәркіленген мүлікті қалай сатып алуға болады - нұсқаулық
Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы Tengri Home-ға тәркіленген жылжымайтын мүлікті қалай сатып алуға болатынын түсіндірді.
1-қадам. Электронды аукционға қатысу үшін ЭЦҚ қажет. ЭЦҚ көмегімен etp.adilet.gov.kz сайтындағы тіркеу нысанын толтыруыңыз керек.
Сауда-саттыққа қатысушының тіркеу анкетасы. etp.adilet.gov.kz сайтының скриншоты
2-қадам. Бірыңғай электрондық сауда алаңы (БЭСА) сайтындағы есептік жазбаны ашу қажет. Бұны тіркелгеннен кейін анкетада көрсетілген электрондық поштаға келетін сілтеме арқылы жасауға болады. Сілтеме бойынша өтіп, логин мен парольді пайдалана отырып жүйеге кіру керек.
3-қадам. Жүйеде "Сауда-саттықтарды іздеу" бөліміне өту қажет.
4-қадам. Электрондық аукционға қатысуға өтінім беріп, кепілдік жарнасын төлеу керек.
5-қадам. Белгіленген уақытта электрондық аукционға қатысу үшін БЭСА сайтына кіру қажет.

"Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы сайтындағы "Тыйым салынған мүлік" бөлімінде атқарушылық іс жүргізу аясында тыйым салынған, сатуға шығарылған борышкерлердің мүлкі орналастырылады. Мүліктің басқа да ауыртпалықтары болуы мүмкін", - деп ескертті палата өкілдері.

Егер сауда-саттыққа қатысушы тәркіленген мүлікті сатып алса, сатып алушы мен борышкер немесе сот орындаушысы арасында сатып алу-сату шарты жасалады. Содан кейін сатылған мүліктен тыйымды сот орындаушысы алып тастайды. Соттың талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында салған ауыртпалықтары бұған жатпайды.

"Соттың талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында салған ауыртпалықтарын алып тастау мәселесін тәркіленген мүлікті сатып алушының өтініші бойынша сот шешуге тиіс", - деп түсіндірді сот орындаушылары палатасы.

Тәркіленген мүлікті сату бойынша аукцион қалай өтеді?
Нысанның бағасы нарықтағыдан төмен болуы мүмкін. Бұл жылжымайтын мүліктің сауда-саттықтың қай кезеңінде сатылғанына байланысты.
Сот орындаушысы алғашқы сауда-саттықты бағаны көтеру әдісімен өткізеді. Негізгі шарт – қатысуға кемінде екі үміткерден өтінім түсуі тиіс. Аукцион қатысушылардың баға ұсыныстарын сұраудан басталады, ол бір қадамға (бір қадам - нысанның бастапқы құнының үш пайызы) артып отырады.
Сауда-саттық бірнеше себепке байланысты өтпеді деп танылуы мүмкін:

өтінімдер болмаған жағдайда;
онлайн-режимдегі аукцион басталған сәтте қатысушылар саны екіден аз болса;
лоттың бағасын аукционға қатысушылар растамаса;
сауда-саттыққа қатысушылардың ешқайсы мүліктің құнын көтермесе.

Мұндай жағдайда өндіріп алушы мүлікті өзіне қалдыра алады. Егер мұндай өтініш түспесе, бағаны төмендету бойынша екінші сауда-саттық өткізіледі. Қайталама аукцион қатысушылардан лоттың бастапқы бағасынан бір қадамға төмендетілген баға туралы ұсыныстар сұраудан басталады.

"Аукцион өтпеді деп танылған және өндіріп алушы мүлікті өзіне қалдырудан бас тартқан жағдайда, сот орындаушысы бірінші аукцион өткізілген күннен бастап 10 жұмыс күні өткеннен кейін қайталама аукцион тағайындайды. Бұл ретте өткізілетін мүліктің бастапқы бағасы белгіленген қадаммен қатысушылардың бірі мүлікті жарияланған бағамен сатып алуға келіскенге дейін төмендетіледі. Бұл баға бағаланған құнның 50 пайызынан, ал жылжымайтын мүлікке қатысты - 75 пайызынан төмен болмауы тиіс", - деп нақтылады палатадағылар.

Егер сауда-саттыққа қатысушылардың бірі бағаны растаса, ол жеңімпаз атанады. Аукцион қорытындысының хаттамасы автоматты түрде жасалады. Бес жұмыс күні ішінде сатып алушы соманы, әдетте - сот орындаушысының өндірілген сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотына аударуы тиіс. Қаражат былайша жұмсалады:

алдымен атқарушылық құжатты орындау барысында борышкерге салынған айыппұлдар бойынша сомалар өтеледі;
содан кейін жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу бойынша сомалар мен орындау шығыстары өтеледі;
қалған сома өндіріп алушыға аударылады;
артылған ақша борышкерге қайтарылады.

Төлем жасалғаннан кейін сатып алу-сату шарты жасалады, оның негізінде жаңа иесі сатып алынған мүлікке өзінің меншік құқығын тіркей алады.
Аукцион тек екі рет қана өткізілуі мүмкін.

"Егер мүлік электрондық аукцион арқылы өтпесе және өндіріп алушы мүлікті өзіне қалдырудан бас тартса, бұл мүлікке қатысты өндіріп алу тоқтатылады. Бұдан кейін борышкердің өзге мүліктерінен өндіріп алу бойынша шаралар қабылданады", - деп түйіндеді сот орындаушылары палатасы.

Айта кетейік, 2025 жылы аукционда 3,2 мың нысан, ал 2026 жылдың 6 айында 1,6 мың нысан сатылған. Орта есеппен айына 267 сауда-саттық өтеді.
Тәркіленген мүлікті сатып алу тиімді ме?
Бұрын тәркіленген жылжымайтын мүлікті сауда-саттықта бағалау сомасының 50 пайызына да сатуға болатын еді. Бұл жағдай 2022 жылға дейін, яғни аукционда сатып алынған үйден тұрғындарды шығару кезінде қайғылы оқиға болғанға дейін жалғасты.
Анықтама: 2021 жылғы 20 қыркүйекте Алматының Ақбұлақ шағын ауданында атыс болды. Үйдің бұрынғы иесі оны мәжбүрлеп шығару кезінде бес адамды атып өлтірді: сот орындаушысын, екі полиция қызметкерін, үйдің жаңа иесін және куәгер болуға келген оның танысын. Кейінірек кепілдегі зәулім үйдің несие қарыздары үшін сатылғаны белгілі болды.

"Менің ойымша, бұрын борышкерлердің жылжымайтын мүлкін сауда-саттықтан сатып алу әлдеқайда тиімді болатын. Мәселен, пәтерлер мен үйлердің бағасы аукционға қойылған құнынан 50 пайызға дейін арзандауы мүмкін еді. 2022 жылғы 2 наурызда Әділет министрінің бұйрығымен тәркіленген мүлікті өткізу қағидаларына, соның ішінде электрондық аукцион нысанындағы ережелерге түзетулер енгізілді. Енді өткізілетін жылжымайтын мүліктің бастапқы бағасы белгіленген қадаммен қатысушылардың бірі мүлікті жарияланған бағамен сатып алуға келіскенге дейін төмендетіледі, бірақ бұл баға электрондық аукционға қойылған мүліктің бағаланған құнының 75 пайызынан төмен болмауы тиіс. Жылжымалы мүлік бойынша бәрі бұрынғыша қалды - баға 50 пайызға дейін төмендеуі мүмкін", - деді сот орындаушысы болып жұмыс істеген заңгер Ерлан Дүйсенбаев.

Ол бұл түзетулер атқарушылық іс жүргізуді қиындатады деп санайды.

"Атқарушылық іс жүргізу органдарында көп жыл еңбек еткен адам ретінде Әділет министрінің бұйрығын қайта қарау қажет деп айта аламын. Біз құқықтық мемлекет болуға ұмтылған соң, сот шешімдерінің орындалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Өйткені сот орындаушылары қарызды алаяқтардан, қаржы пирамидаларынан және тағы басқалардан зардап шеккен адамдардың пайдасына өндіріп алады. Бірақ қазір мұндай баспананы сатып алуға тәуекел ететіндер аз. Сату сайттарында көрсетілген пәтердің бағасы нақты сату бағасынан айтарлықтай ерекшеленетінін бәріміз білеміз. Жақсы саудаласу арқылы пәтер құнын 10-нан 20 пайызға дейін түсіруге болады. Олай болса, сауда-саттықтың өзіне шағым жасалу қаупі және бұрынғы иелерін шығару үшін айлап уақыт жұмсау қаупі бола тұра, пәтерді аукционнан 25 пайызға ғана арзанға сатып алудың қажеті бар ма?"
Дәйексөз авторын қосу


Сурет қосу



Ерлан Дүйсенбаев
заңгер



Сот орындаушылардың республикалық палатасы тәркіленген мүлікті сатып алудың белгілі бір қауіп-қатерлері бар екенін растады:

"Әлеуетті сатып алушы мүлікте сот орындаушыларының тыйымдарынан бөлек, басқа да ауыртпалықтар болуы мүмкін екенін ескеруі тиіс. Сондай-ақ, егер бұл жылжымайтын мүлік болса, онда адамдар тұрып жатуы мүмкін, соған байланысты сот даулары туындау ықтималдығы бар".

Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты, жылжымайтын мүлік мәмілелері жөніндегі сарапшы Бахтияр Хояшев сатып алынған мүліктен тыйымдарды қалай шығаруға болатынын түсіндірді:

"Бұл жерде кепілге қойылған мүлікті сату бойынша сауда-саттықтың тазалығы мен заңдылығына назар аудару маңызды. Егер бәрі ойдағыдай өтсе, сатушы ретінде әрекет ететін сот орындаушысы қаулы шығарады. Осыдан кейін сіз мүлікті тыйымнан босату шараларын қолдану туралы талап қойып, сотқа жүгінесіз. Мұндай жағдайда бұл мүлікке салынған барлық тыйым сот шешімімен алып тасталады. Бірақ мен тыйым салынған мүлікке жоламас едім. Егер біреу тәуекелге бел буғысы келсе, мұнда заңгердің көмегінсіз іс бітпейді".
Дәйексөз авторын қосу


Сурет қосу



Бақтияр Қояшев
Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты



Тыйымдарды алудан бөлек, жылжымайтын мүлікті босатуды талап ететін сот процестері де болуы мүмкін. Бұл уақыт пен қаражатты талап етеді. 25 пайыздық жеңілдік соған тұра ма? Сондықтан заңгерлердің пікірінше, тыйым салынған активтердің ішіндегі ең тартымдысы - сауда-саттық кезінде бағасы екі есе арзандауы мүмкін және тұрғындарды шығаруды талап етпейтін дүниелер. Бұл жылжымайтын мүлікке жатпайтын басқа мүліктер (автокөлік, арнайы техника және т.б.). Ал егер бәрібір де мәміле жасауға бел бусаңыз, кез келген "тосын сыйға" дайын болу керек".
Авторы: Махаббат Енсебаева
Аударған: Дина Шәріпхан

Читайте на сайте