World News in Kazakh

Тоқаев Бердімұхамедовтің шақыруымен Авазаға барады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға барады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

8-9 қазан күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовтің шақыруымен Авазаға жұмыс сапарымен барады.

Анықтама: Аваза - Түрікменбашы қаласының ауданы, сондай-ақ Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан курорттық аймақ. Бұл - Түрікменстанның ұлттық туристік аймағы, ол Түрікменбашы қаласы орталығынан 12 шақырым жерде орналасқан. Мұнда қонақүйлер, конференция өткізуге арналған алаңдар және халықаралық іс-шараларды өткізуге қажетті инфрақұрылымы бар ірі курорттық кешен салынған.

Сапар аясында Президент Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының сегізінші Консультативтік кездесуіне, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына және Каспий экология саммитіне қатысуды жоспарлап отыр.

Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Әзербайжан басшылары қатысады. Мұндай кездесулерде өңірлік ынтымақтастық, сауда, көлік және логистика, энергетика, қауіпсіздік және басқа да ортақ мәселелер талқыланады.

ТМД мемлекеттері басшылары кеңесі - достастықтың жоғары органы. Ол мүше мемлекеттердің ортақ мүдделеріне қатысты ТМД-ның кез келген түйінді мәселелерін талқылап, шешеді. Сондай-ақ достастықтың басқа мүшелерінің мүдделеріне нұқсан келтірмей, мүдделі мүше мемлекеттер аясындағы кез келген мәселелерді қарайды.

Каспий экология саммиті - Каспий теңізінің экологиялық мәселелеріне және Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастығына арналған халықаралық кездесу. Күн тәртібінде Каспий экожүйесін сақтау, ластануды азайту, биоалуантүрлілік, су ресурстары, климаттың өзгеруі және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері тұр.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте