World News in Kazakh

Екі жол жобасы бойынша 10 миллиард теңгеге жуық қаражат қайда кетті: “ҚазАвтоЖол“ түсіндірді

"ҚазАвтоЖол" екі жол жобасы бойынша жалпы сомасы 9,8 миллиард теңгеге жуық шығынның қысқартылу себебін түсіндірді. Компания бұл екі бөлек жоба және олардың құнын төмендетудің өзіндік себебі бар екенін атап өтті, деп хабарлайды Tengri Auto.

М-32 жолын жөндеу

Бірінші жоба М-32 "РФ шекарасы (Самараға) – Шымкент" автожолының 1153-1240 шақырымдарын орташа жөндеуге қатысты.

Бұл учаскені жөндеу қажеттілігі 2025 жылы анықталған. Жолдың жай-күйі құқық қорғау органдарының өтініштері мен бірнеше рет жүрігізілген тексеріс барысында тіркелді. 2025 жылғы мамырда комиссиялық тексеріс жолдың 87 шақырымы орташа жөндеуді қажет ететінін растады. Күзде бұл қорытынды қайта бекітілді.

Осыдан кейін жоба "ҚазАвтоЖолдың" мемлекеттік тапсырмасына енгізілді. Техникалық құжаттама сараптамадан өтіп, 2026 жылғы ақпанда Жол активтері сапасы ұлттық орталығынан оң қорытынды алды.

30 наурызда мердігермен 87 шақырым жолды жөндеуге 9,803 миллиард теңге сомасына шарт жасалды.

Алайда 2026 жылы "Ұлғайсын – Сексеуіл" бағытын I-б техникалық санатқа дейін жеткізуді көздейтін ауқымды қайта жаңарту жобасы пысықтала бастады. Инвестициялық жоба бойынша экономикалық сараптама 7 шілдеде алынды, ал кредиттік желі ашу туралы келісімге 24 шілдеде қол қойылды. Қайта жаңарту бойынша құрылыс жұмыстары 2027–2030 жылдарға жоспарланған.

Бұдан кейін "ҚазАвтоЖол" Көлік прокуратурасымен бірлесіп, жұмыс көлемінің қайталануына жол бермеу үшін екі жобаны өзара салыстырды.

Осы уақытқа дейін М-32 жолы бойынша 87 шақырымның 25-і жөнделіп қойған. Қалған бөлігіндегі жұмыстарды жалғастырмау туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде шарт құны 9,803 миллиард теңгеден 2,710 миллиард теңгеге дейін төмендетілді. Осылайша, қысқарту сомасы 7,093 миллиард теңге болды.

Компания бастапқы жөндеу жұмыстары жолдың нақты жағдайы мен тексеріс қорытындысына сәйкес жоспарланғанын түсіндірді. Реконструкция жобасының нақты параметрлері мен қаржыландыру тетігі айқындалған соң жұмыстың қалған бөлігі алынып тасталды.

А-34 жолында не өзгерді?

Екінші жоба - А-34 "Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы" автожолының 179-229-шақырымдарын күрделі жөндеу.

Мұнда қаражаттың қысқартылу себебі басқа. Жобалау кезінде нысанға жақын орналасқан техникалық су көздері туралы расталған мәлімет болмаған. Сондықтан бастапқы құжаттамада суды тасымалдауға қосымша шығын қарастырылды.

Кейін "ҚазАвтоЖол" мердігермен бірге бұл мәселені қосымша зерделеп, нысанға жақын жерден техникалық су көздері анықталды. Бұл логистиканы өзгертуге және шығынның бір бөлігін алып тастауға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде жоба құны 2,730 миллиард теңгеге азайды. Бұл жұмыстың нәтижесі Маңғыстау көлік прокуратурасына тапсырылды.

Осылайша, екі жоба бойынша қысқартылатын қаражаттың жалпы көлемі шамамен 9,8 млрд теңге болды. Оның 7,093 млрд теңгесі М-32 автожолында бұрын басталған орташа жөндеуді кейінгі қайта жаңарту жобасымен үйлестіру нәтижесінде алынып тасталады. Ал А-34 автожолы бойынша 2,730 млрд теңге бастапқы деректерді нақтылау және техникалық шешімдерді оңтайландыру есебінен қысқартылды.

"ҚазАвтоЖол" қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету және жол жобаларын уақтылы өзара үйлестіру мақсатында прокуратура және басқа да бақылаушы органдармен бірлескен жұмысты жалғастыра беретінін хабарлады.

Тағы оқыңыз: Қазақстан жолдарындағы ақаулар үшін жиырма екі сарапшы жұмыстан шығарылды

Читайте на сайте