World News in Kazakh

Танымал сатирик Александр Каневский қайтыс болды

Танымал сатирик, драматург, ақын әрі сценарист Александр Каневский 93 жасында өмірден өтті. Ол – актер әрі тележүргізуші Леонид Каневскийдің туған ағасы. Оның қайтыс болғанын Израильдің "9 арнасы" жеткізді, - деп хабарлайды Tengri Life.

Александр Каневский 1933 жылы 29 мамырда Киевте дүниеге келген. Ол кеңестік эстраданың танымал Тарапунька мен Штепсель дуэтіне мәтіндер жазып, "Кабачок "13 стульев" телебағдарламасының сценарийін әзірлеуге атсалысқан. Сондай-ақ, "Вокруг смеха" және "С добрым утром" бағдарламаларымен шығармашылық байланыста болып, әңгімелер, пьесалар мен мультфильмдерге сценарий жазған.

1991 жылы Каневский Израильге қоныс аударып, әдеби шығармашылығын жалғастырды. Ол "Неправда" сатиралық газетін, сондай-ақ, "Балаган" және "Балагаша" әзіл-сықақ журналдарын шығарған.

Әзірге қаламгердің неден қайтыс болғаны және онымен қоштасу рәсімі қашан өтетіні хабарланған жоқ.

Александр Каневский – Ресей телеарнасында ұзақ жылдар бойы "Следствие вели…" деректі бағдарламасын жүргізген танымал актер әрі тележүргізуші Леонид Каневскийдің туған ағасы. Леонид Каневский аға буын көрермендеріне "Следствие ведут знатоки" телехикаясындағы майор Томиннің рөлімен де жақсы таныс.

Читайте на сайте